From Wikipedia, the free encyclopedia
Ө. Байқоңыров атындағы Тау-кен металлургия институты - тау-кен ісі, металлургия, геодезия, пайдалы қазбаларды байыту саласына және технологиялық машиналар мен жабдықтарда жұмыс жасай алатын мамандарды даярлайтын жоғарғы оқу орыны.
Институт 1934 жылы Қазақ тау-кен-металлургия институты болып ашылған болатын. Бүкіл ХХ ғасыр бойы осы жоғары оқу орнының тау-кен және металлургия факультеттері Қазақстанның тұтас тау-кен-металлургия саласын алдыңғы қатарлы кадрлармен толықтырып отырды.
Институтқа осында 2000 жылы қатарынан ректорлық қызмет атқарған академик Ө. А. Байқоңыровтың (ҚазТКМИ-дің 1940 жылғы түлегі) есімі берілген. Осы институтты бітіріп шыққан түлектер арасында есімі дүние жүзіне белгілі жазушы Ілияс Есенберлин, Эверест шыңын бағындырушы альпинист Қазбек Валиев, КСРО көмір өнеркәсібі министрінің орынбасары А. Ясько, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Б. Шаяхметов, белгілі академиктер, министрлер, өндіріс басшылары және атақты спортсмендер бар.
2000 жылы тау-кен және металлургия факультеттері біріктіріліп, осы Тау-кен-металлургия институты болып қайта құрылды. Дәл осы кезеңнен бастап институт Мемлекеттік индустриалды-инновациялық даму бағдарламасы (ГПИИР-2) аясында мамандар даярлау ісіне белсене кірісіп кетті. Шетелдік серіктес жоғары оқу орындарының қатысуымен білім беру бағдарламалары жасалып, «Технологиялық машиналарды қолдану және өндірістік кешендерді автоматтандыру» атты оқу-ғылыми зертханасы іске қосылды. Оны аккредитациядан өткізу мен сертификат алу жұмыстары жоспарланып, зертханаға қажетті жабдықтар жаңадан алынды. 2016 жылдан бастап институтты техника ғылымдарының докторы, профессор, ҚР ҰҒА-ның академигі Зейнеш Садыровна Әбішева басқарады.
Қазіргі таңда институт құрамында бес кафедра бар: «Тау-кен ісі», «Маркшейдерлік іс және геодезия», «Технологиялық машиналар мен жабдықтар», «Металлургия және пайдалы қазбаларды байыту», «Металлургиялық үрдістер, жылу техникасы және арнайы материалдар технологиясы». Институтта тәжірибесі мол оқытушылар білім береді, сондай-ақ түлектердің практикалық іс-тәжірибеден өтіп, кейіннен жұмысқа тұруына ықпал ететін өндіріс орындарының арнайы Консультативтік кеңесі ашылған.
ТКМИ-ның оқу үрдісі халықаралық талаптарға толығымен сай келеді. Оның мамандықтары 2015 жылы ASIIN (Германия) агенттігі арқылы аккредитациядан өткен. Институт базасында 27 кафедралды зертхана, ғылыми-өндірістік орталық және «Тау-кен ісіне бейінделген оқу полигоны» бар. Олардың барлығы қазіргі заманға сай құралдармен, аспаптармен жабдықталған, әрі оқу үрдісінде толығымен қолданылады. Ал практикалық сабақ барысында немесе дипломдық жұмыстың жобасын дайындаған кезде САПР элементтері қолданылады, атап айтқанда: «АutoCAD», «SURPAK», «CREDO», «MAPINFO», «ArcGIS» және басқалары.
Институт өндіріс орындарымен тығыз байланыс жасайды, бұл студенттерді болашақ мамандықтарына баулуға ғана емес, сонымен қатар осы саланың өзекті мәселелерін шешетін ғылыми жобаларды іске асыруға да мүмкіндік береді. Институттың негізгі стратегиялық серіктестері: «Қазақмыс», «Соколов-Сарбай кен байыту өндірістік бірлестігі», «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК, «ҚазФерроСталь», «Мұнайгаз», «Өзенмұнайгаз», «ҚАЗЦИНК», «Казахвзрывпром», «Қарашығанақ Петролеум Ltd», «Маңғыстаумұнайгаз» компаниялары, ҚР БжҒМ жанындағы «Қазақстан ГИС орталығы» және тағы басқалары.
Институт шетелдік жоғары оқу орындарымен тығыз байланыста. Олар: Колорадо кен мектебі (АҚШ); Жоғары техникалық қолданбалы ғылымдар университеті (Германия); Фрайберг тау-кен академиясының техникалық университеті (Германия); Вейцман атындағы Ғылыми институт (Израиль); Дублин университеті (Ирландия); Мәскеу мемлекеттік тау-кен университеті және басқалары. Өзара ынтымақтастық аясында студенттер халықаралық тағылымдамадан өтіп, отандық және шетелдік белгілі ғалымдармен бірлесе отырып ғылыми-техникалық жұмыстармен шұғылданады. Мұның бәрі республиканың тау-кен саласы кешенінің сұраныстарына сай болуға, сөйтіп жаңа ғылыми бағыттарға бет алуға септігін тигізеді.[1]
Seamless Wikipedia browsing. On steroids.
Every time you click a link to Wikipedia, Wiktionary or Wikiquote in your browser's search results, it will show the modern Wikiwand interface.
Wikiwand extension is a five stars, simple, with minimum permission required to keep your browsing private, safe and transparent.